A- A A+
Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидалары

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзу қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 155 Жарлығы.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

1. Қоса берiлiп отырған Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзу қағидалары бекiтiлсiн.

2. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиiс.

Қазақстан Республикасының

ПрезидентiН.НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасы

Президентiнiң

2015 жылғы 29 желтоқсандағы

№ 155 Жарлығымен

бекiтiлген

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзу қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзудiң осы қағидалары (бұдан әрi — Қағидалар) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 8-бабының 2-тармағына сәйкес, арнаулы мемлекеттiк органдарды қоспағанда, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттiк субъектiлердiң (бұдан әрi — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдаудың объектiлерi) қызметiндегi сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзу тәртiбiн айқындайды.

2. Осы Қағидалар мына салалардағы қатынастарға:

1) прокуратура жүзеге асыратын жоғары қадағалауға;

2) қылмыстық iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзуге;

3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша iс жүргiзуге;

4) сот төрелiгiне;

5) жедел-iздестiру қызметiне;

6) қылмыстық-атқару қызметiне;

7) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауға қолданылмайды.

2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзу

3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiндегi уәкiлеттi органның (бұдан әрi — уәкiлеттi орган) және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзу объектiсiнiң бiрiншi басшыларының, олар болмаған жағдайда олардың мiндеттерiн атқаратын немесе олардың лауазымдарын алмастыратын адамдардың бiрлескен шешiмi (бұдан әрi — бiрлескен шешiм) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзу негiздемесi болып табылады.

4. Бiрлескен шешiм мыналардың:

1) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгi тапсырмаларының, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдар шешiмдерi мен ұсынымдарының;

2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, оның iшiнде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн зерделеу нәтижелерiнiң;

3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау объектiсiнiң бастамашылық өтiнiшiнiң және оны өткiзу туралы уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде қабылданады.

5. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдауды 30 жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде, бiрлескен шешiммен құрылатын жұмыс тобы жүргiзедi.

6. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзу өзiне мынадай кезеңдердi:

1) осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген бағыттарға сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау объектiсiне қатысты ақпаратты жинауды, қорытуды және талдауды;

2) осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес талдау анықтамасын жасауды қамтиды.

7. Уәкiлеттi орган сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимылдың өзге де субъектiлерiнiң мамандарын және (немесе) сарапшыларын тартуға құқылы.

8. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiсiнiң қызметiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердегi сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн анықтау;

2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiсiнiң ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметiнде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн анықтау.

9. Осы Қағидаларға сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiсiнiң ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметi деп мынадай мәселелер түсiнiледi:

1) персоналды басқару, соның iшiнде кадрлардың ауысуы;

2) мүдделер қақтығысын реттеу;

3) мемлекеттiк қызметтер көрсету;

4) рұқсат беру функцияларын орындау;

5) бақылау-қадағалау функцияларын iске асыру;

6) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiсiнiң ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметiнен туындайтын өзге де мәселелер.

10. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне сыртқы талдау жүргiзудiң ақпарат көздерi мыналар болып табылады:

1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiсiнiң қызметiн қозғайтын нормативтiк-құқықтық актiлер;

2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдаудың объектiсi ұсынатын оның бағыттары бойынша мәлiметтер;

3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдаудың бағыттарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының ақпарат жүйелерiнен алынған деректер;

4) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдаудың объектiсiне қатысты мемлекеттiк органдардың бұрын жүргiзген тексеру нәтижелерi;

5) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдаудың бағыттарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерi;

6) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар;

7) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдаудың объектiсiне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi;

8) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiсiнiң лауазымды адамдарының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын анықтау және оны жасағаны үшiн жауаптылыққа тарту туралы мәлiметтер;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де мәлiметтер.

3. Сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн талдаудың қорытындылары

11. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау нәтижелерi бойынша:

1) анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерi туралы ақпаратты;

2) анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн жою бойынша ұсынымдарды қамтитын талдамалық анықтама әзiрленедi.

12. Талдамалық анықтама жұмыс тобының мүшелерiмен келiсiледi және бiрлескен шешiммен белгiленген уәкiлеттi органның және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiсiнiң лауазымды адамдары қол қояды.

13. Талдамалық анықтама уәкiлеттi органға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiлерiне бiр данадан әзiрленедi және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау аяқталғаннан кейiн үш жұмыс күнi iшiнде олардың бiрiншi басшыларына ұсынылады.

14. Уәкiлеттi орган сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау нәтижелерi бойынша анықтамаға қол қойылған күннен бастап алты ай iшiнде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау объектiлерiнiң сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау нәтижелерi бойынша шығарылған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жою бойынша ұсынымдарды орындауына мониторинг жүргiзедi.

15. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн сыртқы талдау нәтижелерi анықтамаға қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде оны жүргiзудiң негiзiне қарай:

1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың қарауына берiледi;

2) уәкiлеттi органның интернет-ресурсында орналастырылады және оны жүргiзуге өтiнiштерi негiз болған жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткiзiледi.

Мақаланың шыққан күні: 11.01.2018 11:14
Парақтағы соңғы өзгерістер: 11.01.2018 11:14
Қаралым саны: 795

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы

Мекенжайы:

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

Заңды мекенжайы: Көкшетау қ., Қаныш Сәтпаев к-сі, 1а

Нақты Мекенжайы: Көкшетау қ., 8 Март к-сі, 60а

8 (7162) 25-66-91

ugzk@akmo.kz