A- A A+
Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидалары

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзудiң үлгiлiк қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы № 12 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде 2016 жылғы 21 қарашада № 14441 болып тiркелдi

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы» Заңының 8-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес қоса берiлiп отырған Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзiудiң үлгiлiк қағидалары бекiтiлсiн.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қызмет iстер министрiнiң 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 18 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзудiң үлгiлiк қағидаларын бекiту туралы» (Нормативтiк құқықтық актiлердiң реестрiнде № 12651 болып тiркелген, «Әдiлет» ақпараттық-құқықтық жүйесiнде 2016 жылдың 15 қаңтарында жарияланған) бұйрығының күшi жойылды деп танылсын.

3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментi заңнамада белгiленген тәртiппен:

1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн;

2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн күнтiзбелiк он күн iшiнде «Әдiлет» ақпараттық-құқықтық жүйесiнде ресми жариялауға жiберiлуiн;

3) осы бұйрық мемлекеттiк тiркеу күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң Эталондық бақылау банкiнде орналастыру үшiн Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң «Республикалық құқықтық ақпарат орталығының» шаруашылық жүргiзу құқығындағы Республикалық мемлекеттiк кәсiпорнына жiберiлуiн;

4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсiн.

4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл мәселелерiне жетекшiлiк ететiн орынбасарына жүктелсiн.

5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк

қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа

қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң Төрағасы Қ. Қожамжаров

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк

қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа

қарсы iс-қимыл агенттiгi Төрағасының

2016 жылғы 19 қазандағы

№ 12 бұйрығымен бекiтiлген

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзудiң үлгiлiк

қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзудiң үлгiлiк қағидалары (бұдан әрi — Үлгiлiк қағидалар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 5-тармағына сәйкес әзiрленген және мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң (бұдан әрi — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдаудың субъектiсi) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзу тәртiбiн айқындайды.

2-тарау. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау

жүргiзудiң тәртiбi

2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау субъектiсiнiң басшысының, ол болмаған жағдайда оның мiндеттерiн атқарушының немесе оның лауазымын алмастырушының шешiмi сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзу негiздемесi болып табылады.

3. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзу туралы шешiм, соның iшiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерiнiң негiзiнде қабылданады.

Осы Үлгiлiк қағидаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау субъектiлерiнiң басшылары мемлекеттiк органның және оның ведомстволарының, ұйымдардың басшылары, сондай-ақ квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң қызметiнде ағымдағы басшылықты жүзеге асыратын басшылары болып анықталады.

4. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау субъектiсiнiң бiрiншi басшысы айқындайтын құрылымдық бөлiмше, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдауды жүргiзуге уәкiлеттi адам немесе оның шешiмiмен құрылатын жұмыс тобы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдауды жүргiзедi.

Бiрiншi басшының шешiмi бойынша жұмыс тобының құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимылдың өзге де субъектiлерiнiң мамандарын және (немесе) сарапшыларын тартуға құқылы.

5. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау субъектiсiнiң құрылымдық бөлiмшесiнiң, ведомствосының, ведомстволық бағынысты ұйымының, аумақтық және оған теңестiрiлген бөлiмшелерiнiң (бұдан әрi — бөлiмше) қызметi сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдаудың объектiсi болып табылады.

6. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдауды жүргiзу туралы шешiмде мынадай ақпарат болады:

1) қызметi сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдауға жататын бөлiмшенiң атауы;

2) осы Үлгiлiк қағидалардың 8-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдаудың бағыты;

3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдауды жүргiзетiн құрылымдық бөлiмше, лауазымды тұлға (лауазымды тұлғалар) немесе жұмыс тобының персоналдық құрамы туралы;

4) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдауды жүргiзу кезеңi;

5) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдауды жүргiзуге және жұмыстың нәтижесiне басшылық, үйлестiру және жауаптылық жүктелетiн сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау субъектiсiнiң лауазымды тұлғасы.

7. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдауды жүргiзудiң мерзiмдiлiгiн сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдаудың субъектiлерi айқындайды.

8. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн iшкi талдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

1) бөлiмшенiң қызметiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн анықтау;

2) бөлiмшенiң ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметiндегi сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн анықтау.

9. Бөлiмшенiң қызметiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiрлерде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға ықпал ететiн дискрециялық өкiлеттiк пен нормалар анықталады.

10. Бөлiмшенiң ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметi деп мынадай мәселелер түсiндiрiледi:

1) персоналды басқару, соның iшiнде кадрлардың ауысуы;

2) мүдделер қақтығысын реттеу;

3) мемлекеттiк қызмет көрсету;

4) рұқсат беру функцияларын iске асыру;

5) бақылау функцияларын iске асыру;

6) бөлiмшенiң ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметiнен туындайтын өзге де мәселелер.

11. Мыналар:

1) бөлiмшенiң қызметiн қозғайтын нормативтiк-құқықтық актiлер;

2) бөлiмшеге қатысты мемлекеттiк органдардың бұрын жүргiзген тексеру нәтижелерi;

3) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар;

4) бөлiмшеге келiп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi;

5) прокурорлық қадағалау актiлерi;

6) сот актiлерi;

7) ұсынылуына Қазақстан Республикасының заңнамасымен жол берiлген өзге де мәлiметтер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзудiң ақпарат көздерi болып табылады.

12. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн iшкi талдау нәтижелерi бойынша мыналарды:

1) анықталған сыбайлас жемқорлық тауекелдерi туралы ақпаратты;

2) оларды жою бойынша ұсынымдарды;

3) анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн жою бойынша ұсынымдарды iске асыру мерзiмдерiн қамтитын талдамалық анықтама әзiрленедi.

13. Талдамалық анықтама сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау жүргiзген адамдармен, қызметiнде сыбайлас жемқорлыққа талдау жүргiзiлген бөлiмше басшысымен келiсiледi және оған осы Үлгiлiк қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көрсетiлген лауазымды тұлғамен қол қойылады.

14. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн жою туралы ұсынымдар бар талдамалық анықтама сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiне iшкi талдау субъектiсiнiң бiрiншi басшысына қарау және шаралар қолдану үшiн ұсынылады.

15. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн iшкi талдау нәтижелерi және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн жою бойынша қабылданған (қабылданып жатқан) шаралар туралы ақпарат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн iшкi талдау субъектiсiнiң интернет-ресурсында орналастырылады.

16. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн iшкi талдау нәтижелерiн сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн iшкi талдау субъектiсiнiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл бойынша, соның iшiнде алқа, консультативтiк-кеңесшi органдарының отырыстарында жария талқылауға жол берiледi.

Дата создания статьи: 11.01.2018 11:12
Парақтағы соңғы өзгерістер: 11.01.2018 11:12
Қаралым саны: 35
@2018 Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы